Атырау облысында 8-11 қазан аралығында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының авторы Жұмекен Нәжімеденовтің 90 жылдығына арналған мәдени іс-шаралар өтті.
Ең әуелі «Ұрпағым, саған айтам…» республикалық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы оздырылып, қорытындыланды.
Торқалы той меймандары Қошалақтың құмындағы Ашақ төбесіне барып, ақын рухына тағзым етті. Құрманғазы ауданының орталығында Жұмекен, Қадыр, Тұманбай ақындарға арналған «Ұлт өлеңінің үштағаны» жыр кеші өтті.
Атырау қаласындағы іс-шара ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталып, «Жұмекен жырлары – ғасыр үні» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияға жалғасты.
Конференцияның ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және ақпара министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды. Министр өз сөзінде Жұмекен Нәжімеденов шығармашылығы халқымыздың сөз өнеріне деген сүйіспеншілігінің, туған жер мен Отанға деген терең сезімінің айқын көрінісі екенін атап өтті. Сонымен қатар ақынның қуатты жырлары ұлттық поэзияға жаңа леп әкеліп, қазақ әдебиетін жаңа биікке көтергенін жеткізді. Конференция аясында ақын Алмас Ахметбекұлының «Ұлт ұраны және Ұлы ақын» атты кітабының тұсауы кесілді.
«Жыр – Жұмекен» поэзия фестивалінде Гүлнар Салықбай, Светқали Нұржан, Алмас Ахметбекұлы, Маралтай Райымбекұлы, Әлия Дәулетбаева, Бақытгүл Бабаш, Әнуар Бимағамбет, Ербол Алшынбай, Хамит Есаман, Шерхан Талап, Асланбек Шығыр сынды ақындар өлең оқыды, Атырау аспанында жыр қалықтады.
«Менің елім – жыр елі» атты гала-концерт ұйымдастырылып, концерт барысында жастар ақын бейнесінен фотомозаика жасап, Мемлекеттік Гимнді орындады.
Ал Махамбет Өтемісұлы атындағы драма театрда «Атырау – құтты мекенім!» атты республикалық айтыс өтіп, ақындар Жұмекен жайлы төгіле жыр айтып, салмақты ой сабақтады. Көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденовтің торқалы тойы осылайша аталып өтті.





