Жаңалықтар

Президент атынан ақын Жадыра Дәрібаеваға мемлекеттік награда табысталды

Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай ақын, Қазақстан Республикасының 1992 жылы қабылданған Мемлекеттік Әнұраны мәтіні авторларының бірі Жадыра Дәрібаева «Парасат» орденімен марапатталды. Мемлекеттік награда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен отандық әдебиет пен мәдениеттің дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін берілді.

Ақынды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Шерхан Талап құттықтап, оның қазақ әдебиетінің дамуына, рухани құндылықтарды дәріптеуге және ұлттық мәдени мұраны насихаттауға қосқан үлесін атап өтті.

Өз кезегінде Жадыра Дәрібаева Мемлекет басшысына еңбегіне берілген жоғары баға мен мәдениет және өнер қызметкерлеріне көрсетіліп келе жатқан қолдау үшін алғыс білдірді. Ақын мәдениет қайраткерлеріне көрсетілетін құрмет отандық әдебиеттің дамуына, рухани мұраны сақтауға және ұлттық құндылықтарды ұлықтауға серпін беретінін айтты.

Айта кетейік, «Парасат» ордені ғылым, мәдениет, әдебиет және өнер салаларын дамытуға, елдің рухани әрі зияткерлік әлеуетін нығайтуға елеулі үлес қосқан азаматтарға табысталады.

Пікір қалдыру