«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Әнұранының мәтінін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 2 қазандағы
№873 қаулысына өзгерістер енгізілді.
«Мемлекеттік Гимн» сөзі «Мемлекеттік Әнұран» сөзіне ауыстырылды. Енді Мемлекеттік Әнұран болып жазылады және айтылады.
Мемлекеттік Туды пайдалану шарттары:
1) жеке тұрғын үйлерде 3 метрден кем болмайтын биіктікте орналастыруға болады, бұл ретте тәуліктің қараңғы уақытында жарықтандыру міндетті емес.
2) жерге, еденге, су бетіне тиіп тұрмауы тиіс;
3) тігінен орналастыру, бұл ретте ұлттық ою-өрнек матаның жоғарғы бөлігінде тұруы шарт;
4) жеке және заңды тұлғалар өткізетін мәдени, спорттық, қоғамдық, сондай-ақ өзге де іс-шаралар барысында коммерциялық мақсатты көздемеу;
5) зақымдану, тозу, жамау, тесілу, кірлеу, түсінің оңып кетуі, қыртыстану белгілерінің не оның асқақтығы мен символдық мәнін түсіретін өзге де кемшіліктің болмауы;
6) жеке және заңды тұлғаларға тиесілі көлік құралдары салондарының ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер туралы заңнамасының талаптарын сақтай отырып пайдалану.
Қасақана бүлдіруге, жоюға, өртеуге, жыртуға, жерге тастауға, сонымен қатар оның мемлекеттік рәміз ретіндегі қадір-қасиеті мен маңызын кемітетін басқа да іс-әрекеттерге бой алдыруға жол берілмейді.
Мемлекеттік Туды ғимараттар мен балкондарға орналастыру тәртібі нақтыланды.
Осы қаулыға сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын жарнамалық мақсатта, сондай-ақ киім-кешек, төсек-орын, перде, дастарқан, кілемше және өзге де жабын ретінде пайдалануға болмайды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туының бейнесін спорттық киімдерде, спортшылардың киім-кешегінде пайдалануға рұқсат етілді. Бұрын «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңы және Үкімет қаулысымен Мемлекеттік Елтаңбаның бейнесі ғана спортшылардың спорттық костюмдері мен басқа да спорттық керек-жарақтарында пайдаланылды.
