«Заң» газетіне 10 шілде күні Геральдикалық зерттеулер орталығы Зерттеу және сараптама бөлімінің басшысы Сұлтан Оразаевтың ой-пікірлері негізінде «Жаңа ережелер рәміздерді пайдалану мәдениетін жаңа деңгейге көтереді» тақырыбында сұхбат жарияланды. Сұхбаттың толық мәтінін назарларыңызға ұсынамыз.
Сұлтан Оразаев,
Геральдикалық зерттеулер орталығы Зерттеу және сараптама бөлімінің басшысы:
«ЖАҢА ЕРЕЖЕЛЕР РӘМІЗДЕРДІ ПАЙДАЛАНУ МӘДЕНИЕТІН ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРЕДІ»
Үкімет қаулысымен Мемлекеттік Туды қолдану тәртібі өзгерді. Біз осыған орай жеке және заңды тұғалардың мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауын қалыптастыру, мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілерді қолдану және насихаттау бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлеу функцияларын жүзеге асыру үшін 2021 жылдың наурыз айында құрылған «Геральдикалық зерттеулер орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің Зерттеу және сараптама бөлімінің басшысы Оразаев Сұлтан Берікұлымен сұхбаттасқан едік.
– Мемлекеттік туды қолдану тәртібінде қандай өзгеріс бар? Енді нені ескеру керек?
– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 26 маусымдағы №556 қаулысымен енгізілген өзгерістер қоғамдық сұраныс пен заңнамалық талаптарды үндестірген маңызды қадам болып табылады. Енгізілген толықтырулар азаматтардың патриоттық белсенділігін құқықтық тұрғыдан заңдастырып, Мемлекеттік Туды күнделікті өмірде қолдануға кең жол ашты. Сонымен қатар, құжат мемлекеттік рәміздерді орналастырудың қатаң визуалды иерархиясының реттілігін, түс гаммасын және эстетикалық талаптарды бекіту арқылы геральдикалық тәртіпті ретке келтірді.
Орталық бұл реформаны мемлекеттік атрибутиканың қадір-қасиетін қорғау мен оны халықтық мақтаныш құралына айналдыру арасындағы оңтайлы теңгерім деп бағалайды және жаңа ережелер рәміздерді пайдалану мәдениетін жаңа сапалық деңгейге көтеруге негіз болады деп есептейді.
– Мемлекеттік туды қолдануда бұрынғы кеңестік республикалардың тәжірибесінде қандай ұқсастықтар бар?
– Бұрынғы кеңестік республикалардың қолданыстағы заңнамалық базасына бірқатар концептуалды ұқсастықтар мен айқын құқықтық айырмашылықтар бар. Мемлекеттік туды қолданудағы бұрынғы кеңестік республикалар тәжірибесіндегі негізгі ұқсастықтар мемлекеттік атрибутиканың қадір-қасиетін қорғау мен оның нышандық тұтастығын сақтаудың бірыңғай халықаралық вексиллологиялық стандарттарынан көрініс табады.
Орталық Азия елдерінің, мейлі Балтық жағалауы мемлекеттерінің заңдары болсын, мемлекеттік нышанды әдейі жыртуға, өртеуге, умаждауға, ластауға, жерге немесе су бетіне тигізуге, сондай-ақ қоқысқа тастауға абсолютті түрде тыйым салынады және бұл әрекеттер үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Сонымен қатар, бұл елдердің тәжірибесінде туды жеке бизнесті жарнамалау мақсатында, жеке тауар белгісі ретінде немесе күнделікті тұрмыстық заттар, атап айтқанда төсек-орын, терезе перделері, дастархандар, майлықтар мен еден жабындары ретінде коммерциялық бағытта пайдалануға жол берілмеуі бойынша толық ұқсастық бар. Қолданылатын тудың өлшеміне қарамастан, оның түсі, пропорциялары мен геральдикалық элементтері ұлттық эталонға қатаң сәйкес келуі тиіс және тозған, оңып кеткен немесе зақымдалған туларды ілуге ешбір посткеңестік елде рұқсат жоқ.
– Ал қандай айырмашылықтар бар?
– Бұрынғы кеңестік республикалардың тәжірибесіндегідей басты айырмашылық құқықтық реттеу сипатына байланысты елдерді екі топқа бөлуге болады. Бірінші топқа жататын Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей Федерациясының тәжірибесінде азаматтардың патриоттық белсенділігін еркін көрсетуіне басымдық берілген. Мысалы, Өзбекстан мен Ресейдің заңнамалық актілері азаматтарға, егер олардың әрекетінде қорлау белгілері болмаса, туды жеке тұрғын үйлерінде, аулаларында, жұмыс орындарында, автокөлік ішінде және кез келген бұқаралық, спорттық шараларда ешқандай арнайы рұқсатсыз, еркін пайдалану құқығын береді. Қазақстанның жаңа ережелері де осы үрдісті ұстана отырып, азаматтардың туды балкондар мен үйлерге өз бастамасымен ілуін және оны спорттық экипировкаларда қолдануын заңды түрде бекіткен.
Керісінше, Балтық жағалауы елдеріне тән қатаң регламенттелген еуропалық модельде мемлекеттік туды ілу тек құқық қана емес, сонымен бірге азаматтар мен заңды тұлғаларға заңмен жүктелетін айрықша міндет болып табылатыны үлкен айырмашылықты көрсетеді. Латвия мен Эстония тәжірибесінің басты ерекшелігі ретінде арнайы «Ту ілу күндері» бекітілгенін айта кету керек. Соған сәйкес мемлекеттік мерекелерде, Тәуелсіздік күнінде немесе ұлттық қаралы даталарда меншік нысанына қарамастан барлық ғимараттар мен жеке тұрғын үйлердің иелері туды міндетті түрде ілуі шарт, ал бұл талапты орындамау әкімшілік айыппұлға әкеп соғады. Эстония заңында ту түнде ілулі тұрса, оған міндетті түрде арнайы жарық түсіп тұруы керектігі қатаң жазылса, Украинаның құқықтық актілерінде туды көтеру мен түсірудің уақыттық регламенті таңғы сағат сегізден күн батқанға дейін деп нақтыланып, әскери-мемлекеттік протоколдар өте ұсақ детальдарына дейін реттелген. Беларусь Республикасында да мемлекеттік органдар мен ресми шараларда туды орналастырудың тәртібі кеңестік классикалық иерархияға негізделген және идеологиялық бақылау деңгейі өте жоғары.
– Бұдан қандай қорытынды шығарылды?
– Біздің мемлекет азаматтарды ту ілуге заңмен мәжбүрлейтін Балтық елдерінің үлгісінен бас тартты. Өзбекстан немесе Ресей заңдарында туды ілудің сыртқы эстетикасы жеке тұлғаның еркіне қалдырылса, Қазақстан заңында балконға ілу бұрышы қырық бес градус болуы, биіктік деңгейі үш метрден кем болмауы және ұлттық орнаменттің вертикаль бағытта жоғары орналасуы сияқты нақты геометриялық және визуалды нормалар шегелеп көрсетілген. Бұл тәжірибе еуропалық құқықтық нақтылық пен азаматтық еркіндіктің оңтайлы синтезі болып табылады және мемлекеттік рәміздерді насихаттау мен оның геральдикалық тазалығын қадағалау бағытында Геральдикалық зерттеулер орталығы үшін бірыңғай, тиімді әрі жүйелі әдістемелік құрал қызметін атқарады.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»
