Жаңалықтар

Қазақстан 2027 жылғы дзюдодан әлем чемпионатының туын қабылдады

Қазақстан 2027 жылы Астанада өтетін дзюдодан әлем чемпионатының туын ресми түрде қабылдады. Салтанатты рәсім Бакуде өткен әлем чемпионаты аясында ұйымдастырылды.

Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) туын Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеевке ұйымның бас хатшысы Лиза Аллан табыстады. Бұған дейін ту Әзербайжан дзюдо федерациясының вице-президенті Эльнұр Мамедлиге берілген болатын.

Дзюдодан әлем чемпионаты 2027 жылғы 7–14 маусым аралығында Астанада өтеді. Қазақстан бұл ауқымды жарысты екінші рет қабылдамақ. Бұған дейін әлем чемпионаты елімізде 2015 жылы ұйымдастырылған.

Халықаралық федерацияның туын қабылдау – алдағы чемпионатты өткізуге байланысты ресми рәсімдердің бірі. Бұл оқиға Қазақстанның халықаралық спорттық ынтымақтастығын нығайтып, елордада әлемдік деңгейдегі жарысты ұйымдастыруға дайындықтың басталғанын білдіреді.

Халықаралық дзюдо федерациясының туы – ұйымның айрықша белгісі әрі халықаралық спорттық бірегейлігін танытатын нышан. Оны ресми түрде қабылдау алдағы әлем чемпионатының маңызын айқындап, Қазақстанның халықаралық спорт қауымдастығы алдындағы жауапкершілігін көрсетеді.