Құжатта азаматтардың мемлекеттік рәмізді орналастыру тәртібі мен оны пайдалануға қойылатын талаптар айқындалған.
Қаулыға сәйкес, Мемлекеттік туды жеке тұрғын үйлерге биіктігі кемінде 3 метр болатын жерге орнатуға болады. Бұл ретте тәуліктің қараңғы уақытында туды міндетті түрде жарықтандыру талабы қарастырылмаған.
Ережеге сәйкес, Мемлекеттік Ту жерге, еденге, суға тиіп тұрмауы тиіс. Ал тік орналастырылған жағдайда ұлттық ою-өрнек матаның жоғарғы бөлігінде орналасуы қажет. Сонымен қатар, заңнама талаптары сақталған жағдайда Мемлекеттік туды жеке және заңды тұлғалардың автокөлік салондарында пайдалануға рұқсат беріледі.
Құжатта мәдени, спорттық, қоғамдық және өзге де іс-шаралар барысында Мемлекеттік туды коммерциялық мақсатта пайдалануға тыйым салынатыны көрсетілген. Сондай-ақ мемлекеттік рәміз әрдайым таза, бүтін, кірлемеген, жыртылмаған және ақаусыз болуы тиіс.
