Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университетінде «Рәміздерге құрмет» акциясы аясында семинар өтті. Семинардың басты мақсат-міндеті – мемлекеттік рәміздерді ұлықтау, оларға құрметпен қарау және насихаттау, сондай-ақ патриоттық рухты қалыптастыру. Осы іс-шараға жоғары оқу орнының профессор-оқытушылары мен білім алушылары қатысты.
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университеті бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары – басқарма бастығы, полковник Болат Оспанбеков іс-шараның мән-маңызына тоқталып, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыра түсу керектігін айтты.
Геральдикалық зерттеулер орталығы директорының м.а. Әділхайыр Мырзаханов орталықтың негізгі қызметі туралы баяндап, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұранының тарихы, символикалық мағынасы және қолданылу тәртібі туралы кең көлемде мағлұмат берді. Сонымен қатар мұндай семинарлардың азаматтық қоғамды дамытудың нақты тетіктерін айқындауға және тиімді шешімдер қабылдауға жол ашатынын жеткізді.
Геральдикалық зерттеулер орталығы Зерттеу және сараптама бөлімінің басшысы Cұлтан Оразаев қазіргі таңда қазақ геральдикасының тарихын зерделеу, мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілерді қолдану, насихаттау мәселелері бойынша консультациялық және әдістемелік көмек көрсету бағытында жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Оған қоса мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі туралы баяндады.
Жиын соңында Геральдикалық зерттеулер орталығы директорының м.а. Әділхайыр Мырзаханов Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университеті бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары – басқарма бастығы, полковник Болат Оспанбековке естелік сыйлық, төсбелгі табыс етті.
Айта кетейік, бұл семинар ұлттық бірегейлікті қалыптастыру, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыру бағытындағы маңызды бастама.




