«Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Мемлекеттік Елтаңба авторы Шот-Аман Уәлиханов – қазақ халқының рухани болмысы мен тарихи санасын айшықтаған тұлға. Ол тәуелсіз еліміздің басты нышандарының бірі – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторы.
Елтаңбадағы әрбір бейне – халқымыздың өткені мен бүгіні, болашаққа деген сенімінің көрінісі. Бұл – Шот-Аман Уәлихановтың көрегенділігі мен талантының айғағы.
Шот-Аман Уәлихановты әрдайым құрметпен еске алып, еңбегін жоғары бағалаймыз. Оның мол мұрасы жас ұрпаққа үлгі болып, ел игілігіне қызмет ете бермек.
Айта кетейік, Шот-Аман Ыдырысұлы 1932 жылы 26 сәуірде Көкшетау өңіріндегі Айыртау ауданы Сырымбет ауылында дүниеге келген. Мәскеуде архитектура институтын бітірген соң, әр жылдары «Казгорстройпроект» жобалау институтында архитектор, содан кейін КСРО Құрылыс және сәулет академиясының Қазақ филиалында кіші ғылыми қызметкер, Алматы қаласы бас сәулетшісінің орынбасары, республикалық Мәдениет және тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамы төрағасының бірінші орынбасары, «Казграждансельпроектінің» Бас сәулетшісі, Қазақстан Сәулетшілер одағының төрағасы, КСРО Сәулетшілер одағы басқармасының хатшысы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында өнер және сәулет бөлімінің меңгерушісі, Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі Қазақ қоғамы орталық кеңесінің төрағасы әрі Халықаралық Абылай хан қорының президенті болған.
«Ақ нұр», «Тағдыр», «Террор», сондай-ақ «Жас Шоқан», «Шоқанның ақ түні» және басқа да пьесалары театр сахнасында қойылып жүр. 1965 жылы «Таспен жазылған симфония» атты повесі жарық көрген.
