Жаңалықтар

«Болашақ ойындары – 2026» ашылу салтанатында ҚР Мемлекеттік Әнұраны шырқалды

Президент Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық мультиспорт турнирінің ашылу салтанатында сөз сөйледі.

«Барыс Арена» стадионында ұйымдастырылған іс-шараға Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон және басқа да ресми тұлғалар құрметті қонақ ретінде қатысты.

Жиында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдердің басшыларына, құрметті қонақтар мен халықаралық турнирге қатысу үшін елімізге келген спортшыларға ризашылығын білдірді.

Мемлекет басшысы спорттың күш-қуаты, ақыл-ой мен цифрлық дәуірдің орасан әлеуеті үйлесім тапқан турнир баршаға ортақ жасампаздық ұстанымымен толық үндесетінін айтты.

Президент спортшыларға сәттілік тілеп, ұйымдастырушыларға, серіктестерге, төрешілер мен жаттықтырушыларға, тиісті мамандарға, еріктілерге және осы тамаша спорт мерекесін өткізуге атсалысқан барша азаматқа шынайы ризашылығын білдірді.

Ашылу салтанатында Ресей Президенті Владимир Путиннің турнир қатысушыларына бейнеүндеуі көрсетілді.

Сонымен қатар жиында Болашақ ойындарының бас директоры Дэн Меркли сөз сөйледі.

Бұдан соң көрермендер театрландырылған шоу мен отандық эстрада жұлдыздары қатысқан концерттік бағдарламаны тамашалады.

29 шілде – 9 тамыз аралығында Астана қаласында алғаш рет киберспорт пен спорттың дәстүрлі түрлерін және жаңа технологияны ұштастырған халықаралық турнир өтеді. Биылғы сайыстарға 34 елден 800-ден астам спортшы қатысады.

Астанадағы турнирде спортшылар фиджитал-футбол, фиджитал-баскетбол, фиджитал-жекпе-жек, фиджитал-шутер, фиджитал-би, Dota 2, Mobile Legends: Bang Bang және PUBG: Battlegrounds секілді 8 бағыт бойынша күш сынасады.

Join the conversation