Мемлекеттік рәміздер күніне орай Геральдикалық зерттеулер орталығы дәстүрлі түрде мереке күні дүниеге келген нәрестелер мен олардың аналарын құттықтады.
Мәні зор бұл шараның мақсаты – мемлекеттік рәміздерімізге құрмет көрсету, сондай-ақ отбасылық құндылықтар мен жаңа өмірдің бастауын ел үшін айтулы күнмен сабақтастыру.
Іс-шара Астана қаласындағы «№2 көпбейінді қалалық аурухана» ШЖҚ МКК перзентханасында өтті.
Мерекелік шараға танымал әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Алтынай Жорабаева арнайы қатысып, жас аналарға ақ тілегін жеткізді. Өнер иесі нәрестелерге амандық, ұзақ ғұмыр мен жарқын болашақ тілеп, аналарды мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.
Шара барысында мереке күні дүниеге келген нәрестелер мен олардың аналарына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның атынан құттықтау хаттар табысталып, естелік сыйлықтар мен гүл шоқтары ұсынылды.
