Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің «Геральдикалық зерттеулер орталығы» РММ-нің ұйымдастыруымен және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен 1–4 маусым аралығында Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Мемлекеттік рәміздер: тарих пен тағылым» атты архив құжаттары көрмесі өтті.
Көрменің негізгі мақсаты – мемлекеттік рәміздерді ұлықтау, оларға құрметпен қарау және насихаттау, сондай-ақ патриоттық рухты қалыптастыру.
Көрме аясында мемлекеттік рәміздердің қабылдануына, бекітілуіне және қолданысқа енгізілуіне қатысты архивтік құжаттардың көшірмелері мен фотодеректер ұсынылды.
Төрт күнге созылған көшпелі көрменің алғашқы күні Астана қаласындағы Ботаникалық саябақта ұйымдастырылды. Екінші күні көрме Жағалау паркінде жалғасса, үшінші күні Нұржол желекжолында көпшілік назарына ұсынылды. Ал қорытынды күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің авторы, көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың құрметіне ашылған «Шәмші әлемі» музыкалық инсталляциясының маңында өтті.
Көрме экспозициясына 20-ға жуық мольберт қойылып, онда мемлекеттік рәміздердің тарихына қатысты архивтік құжаттар, фотосуреттер және танымдық материалдар орналастырылды.
Келушілер Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Мемлекеттік Елтаңбасы және Мемлекеттік Гимнінің қабылдану тарихымен танысып, олардың ел бірлігі мен тәуелсіздігін нығайтудағы маңызы туралы құнды мәліметтер алды.
Көрме қала тұрғындары мен қонақтарының үлкен қызығушылығын тудырды. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, іс-шараның танымдық әрі тағылымдық мәнін жоғары бағалады.
«Мемлекеттік рәміздер: тарих пен тағылым» көрмесі Мемлекеттік рәміздер күні аясында өткізілген маңызды мәдени-ағартушылық іс-шаралардың бірі ретінде қоғамның патриоттық рухын арттыруға өз үлесін қосты.
